Şimdi yükleniyor

Жанат Момынкулов: Тәуелсіздік мерекеміз құтты болсын!


Бүгін – мерекелік қуаныштың ғана емес, ел алдындағы жауапкершілік пен тарихи жадымызды жаңғыртатын күн.

Қазақ халқының азаттығы өзінен-өзі оп-оңай келе салған жоқ. Ұлтымыздың азаттық жолы ылғи тікенді, азапты болған. Бұл – қазақ елінің бірлік үшін ішкі рухани күресімен де байланысты тарихи объективті шындық. Соған қарамастан ата-бабаларымыздың еркіндік үшін төккен қаны, мемлекеттілік үшін Алаштықтар мен қазақ зиялыларының қиған құрбандары зая кеткен жоқ. Кеңістік дәуірде де жұрттың мұңын жазған қарымды қаламгерлер, елдің қамын жеген кейбір ұлтшыл бюрократтар болған. Қазақстан мемлекетін құрудың басы-қасында жүрген ірі қайраткерлер мен идеалист азаматтар да өз қомақты үлесін қосты. Оларға қарыздармыз.

Соңғы қырық жылда сонау 1986 жылғы ұлт-азаттық көтерілістен басталған кейінгі саяси азаттық даму жолы да тікенсіз, құрбандықсыз болған жоқ. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы – Кеңес империясының тоталитарлы жүйесіне қарсы қазақ жастарының алғашқы ашық қарсылығы болды. Әділет пен ұлттық ар-намысты талап еткен жастарымыз түрмеге түсті, наркоман-қылмыскер деп жала жабылды, өмірі күйреді, кейбірі сол жолда қаза тапты. Бұл – тәуелсіздіктің алғашқы қаны, нышаны еді.

Желтоқсан оқиғасының қыр-сыры әлі де ашылмай, әділ бағасының берілмеуі бүгін де үлкен сұрақ туғызады. Алматы қырғыны — КСРО-ның ыдырауының басы болатын. Бәлкім қателесермін, менің жеке ойымша, қақаған қыста қозатын осыған ұқсас саяси шиеленіс Жаңаөзенде 2011 жылы да орын алған сияқты. Кей сипаттары ұқсас келетін сияқты. Тіпті, 2022 жылғы қаңтарда халықтың да қатысуын қамшылаған кейбір эпизодтар мен элементтер болған сияқты көрінеді, өзіме. Себеп-салдары тұманды, бұлыңғыр оқиғалар бұлар, бәлкім өзара онша байланысы да жоқ шығар, кім біледі? Десе де, құпиясы көмескі болған соң, жыл сайын қыста әртүрлі ойлар қайталап, мазалай беретіні рас. Енді бәлкім қырық-елу жылдан соң сыры ашыла жатар. Ашылмауы да мүмкін. Бір Алла біледі.

Назарбаев шал барлық республикалар КСРО-дан шығып кеткен соң бір апта бойы 1991 жылғы 16 Желтоқсанға дейін Тәуелсіздікті жариялау сәтін күтті. Ол үшін бұл маңызды дата болған сияқты.
Кеңес Одағы құлағаннан кейін де, өкінішке қарай, шал дәуірінде саяси еркіндік күресі аяқталмаған болатын. Социалистік тәртіп, авторитарлық басқару, әділетсіздік, зорлық-зомбылық, саяси қысым қазақ қоғамында талай азаматтың тағдырын талқандады. Әділ қоғам, ашық билік, адам қадірі үшін күрескен азаматтар қудаланды, үндері өшірілді, кейбірі өмірімен қоштасты.
Бұл адамдар – радикал емес, мемлекеттің жауы да емес еді. “Сынау – жау” дегенді білдірмейтінін кейбір бюрократтар әлі де түсіне алмай келеді. Өмірді “ақ-қара”, “біздікілер және олар” деген ұғымдағы мұндай ойлау аясы шектеулі адамдар әлі де бар.

Демек, тарихымызда әділет мен құқық үшін шырылдаған жандар – осы елдің болашағы үшін жаны ашып, жанын шүберекке түйген азаматтар деуге болады. Олар – кез келген ұлттың шешуші сәтінде ел болашағы үшін беретін құрбаны сияқты ұлтымыздың қиған құрбандары! Олар – тәуелсіздіктің тек символ мен идеология ғана емес, философиялық мазмұн мен саяси мағынаға ие болуын, шынайы болғанын қалағандар.

Егер біз Желтоқсан құрбандарын ғана еске алып, кейінгі жылдардағы әділет, еркіндік, құқық үшін күрескендерді ұмытсақ, онда Тәуелсіздікті толық түсіндік деп айта алмаймыз.

Тәуелсіздік – тек шекара мен ту емес, ұлттық киім мен наурыз емес, тойлау шаралары мен медальдер емес шығар.
Тәуелсіздік – адамның ар-ожданын, жан дүниесін, құқығын, пікірін, өмірін қорғау. Ол – адамның ішкі тыныштығы мен ертеңге деген сенімі. Ол – өз өмірі мен ұрпағының болашағын осы жермен, осы елмен байланыстыруы. Тәуелсіздік – тыныш ұйқың мен қанағат сезімің, әділетке сенуің ғана емес, соны өмірінде көруге деген ұмтылысың. Тәуелсіздік – саяси элитаның қалтасындағы комфорт пен гарантия емес, ол бүкіл халықтың игілігі мен мақтанышы, жетістігі мен қорғаны, идеалы мен мақсаты болуы тиіс.

Сондықтан бұл күндер (16+17-18 Желтоқсан) :
– Кеңес империясынан зардап шеккендерді,
– тоталитарлық және диктаторлық жүйелердің қысымын көргендерді,
– әділет, құқық үшін құрбан болған азаматтарды
бірдей еске алу – тарихи парыз, әрі өзімізге, болашақ алдында шыншыл сұрақты тікесінен бетке қоятын қолайлы сәт!

Азаттық жолында өмірін құрбан еткен батырларымыздың есімі ұмытылмаса ғана, Тәуелсіздігіміз мағыналы, Егемендігіміз баянды, Отанымыз шын мәнінде тыныш болады. Тәуелсіздік құтты болсын!

Ар-намыс, азаттық жолында құрбан болған азаматтардың рухы алдында бас иеміз.

Yorum gönder