Жанат Момынқұлов: ҚАЗАҚ ДИПЛОМАТИЯСЫ ҮШІН АҚШ САПАРЫНАН СОҢ КАДРЛЫҚ ӨЗГЕРІС ПЕН АЛЫНУЫ ТИІС САБАҚТАР
Ақыры бәрі айтып жатыр екен, мен де ашық айтайын: БҰҰ сапарынан келе сала, президенттің сыртқы саясат бойынша ірі кадрларды (ҚР СІМ басшысы, АҚШ-тағы Елшіміз, кеңесшілер) жұмыстан тез және бәрін бір-ақ босатуы – Америка сапарының жоспарлағаннан төмен өткенінің тікелей дәлелі.
Расында да Қытай ШЫҰ сапарынан және әлемдік Діндер құрылтайынан соң АҚШ БҰҰ сапары ірі нәтижелер береді деп ойлағанмын. Қазақстанның дипломатия, экономика және стратегия тоғысындағы халықаралық серіктес ретінде көпвекторлы дипломатиямыздың жаңа қырларын ашады деп ойлағанмын. Бәлкім болжамым іске аспаған сияқты.
Бажылдаған Бажкенованың медиа-скандалы да осы тағайындауға салқыны тигізген болуы мүмкін бе? “Садақ” медиаға сұхбатымда бұл белгісіздік жалғасса, жаңа есімдер шығады дегенмін. Болашақ президент дипломат болуы мүмкін деп те айтқанмын.
Өзбек дипломатиясы осы жолы Трамппен call емес, real кездесу өткізгені, 14 Боинг сатып алып, “сарыбасты” Самарқанға шақырғаны да намысқа тиеді. Қазақтар ірі шаралар, жиындар өткізуде мықты тәжірибе жинады. Ол да тойдың бір түрі ғой, тез тарқайды. Ал Өзбектер нақты жобалар, кәсіпкерлік бойынша жұмыс істейтін сияқты көрінді.
Жә жолбарыстарым, жұмсақ жеріңмен жерге жайғасқаның жаныңа жайсыздық сыйлады ма?
Қазақстанға жаңа геосаяси жағдайға қарай көпвекторлы саясаттың жаңа 2.0 нұсқасы қажет. Ол туралы да жаздым. Бұрынғы Назарбаев кезеңіндегі “барлығымен дос болу” емес, қазір “барлығымен прагматикалық әріптестік” моделіне көшу маңыздырақ.
Экономикалық-бизнес дипломатияға басымдық беру керек. Саяси әдемі декларациядан гөрі нақты инвестиция, технология трансфері, энергетика, көлік дәліздері туралы сделкалар, deals қажет. Қазақстанға тек “шикізат жеткізуші” емес, “алма кел аузыма түс” емес, өңдеуші-транзиттік мемлекет рөлін күшейту.
“Цифрлық мемлекет” боламыз десек, халықаралық серіктестік, жасанды интеллект, киберқауіпсіздік бағыттарын дипломатиялық күн тәртібіне енгізу.
Қазақстанды “бейбітшілік платформасы” ретінде бекіту (Ауғанстан, Украина-Ресей, Таяу Шығыс форматтары). Бірақ бос популизм емес, нақты халықаралық сенімге негізделген келіссөз алаңдары. Бұл үлкен жұмысты қажет етеді.
Кадр саясаты қандай болуы керек? Қандай кадрлар қажет?
Сыртқы саяси кадрлар – элиталық мамандар ғой. Білім мен байланыс, бизнес пен ақпарат барлау, инвестиция мен жеке қатынастар маңызды.
Технократтар мен кәсіби дипломаттар: халықаралық құқықты, экономика мен технологияны білетін жас мамандар.
Бизнес дипломаттар: әр елдегі елшілер инвестиция тарту, бизнес-жобалар әкелу, трансұлттық компаниялармен байланыс орнату міндетін нақты атқаруы тиіс.
Аймақтық сарапшылар: тек орысша мен ағылшын тілін білетін “жалпы маман” емес, Қытайды, Американы, Азияны, Таяу Шығысты, Үндістанды, Африканы терең білетін мамандар.
Барған елдің тілін білмесе де таныс арқылы дипломат болып “красавчик” болып жүру өткеннің әңгімесі. Қазір сол барған елінің қыр-сырын білетін, сараптай алатын, қоғамымен тез араласып, пайдалы байланыс орнататын мамандар қажет.
Share this content:
Yorum gönder