KAFKASSAM – Kafkasya Stratejik Araştırmalar Merkezi

  1. Anasayfa
  2. »
  3. Gündem
  4. »
  5. Тәттігүл Картаева: Бүгінгі күн «Амал мерекесі» емес, Наурыз аясындағы ғұрыптық күн – «Көрісу күні»!

Тәттігүл Картаева: Бүгінгі күн «Амал мерекесі» емес, Наурыз аясындағы ғұрыптық күн – «Көрісу күні»!

Kafkassam Editör Kafkassam Editör - - 5 dk okuma süresi
326 0

Көне Юлиан күнтізбесінде күн мен түннің теңелуі 8-наурыздан 9-наурызға өтер күнге, Жыл басындағы Жаңа күн 9-наурызға тура келген. Ертеде қазақтар көктем айының бірінші күнін «Қарт Наурыз», ал жылдың басын, яғни ескіше 9-наурыз, жаңаша 22-наурызды «Жас Наурыз» деп атаған.
«Сәлем бердік Жас Наурыз, жылдың басы!
Жұрттың күткен мінекей ықыласы! (Наурыз. Қазақ газеті, 1914, №53, 9 наурыз).
Аңыз бойынша, Жыл – адам кейпінде. Күн мен түннің теңелуінен кейінгі Жаңа туылған күн – жаңа туылған бала. «Жыл-бала» күн санап өсіп, он екі айда тез қартаяды, қыста кәріліктің шегіне жетеді. Он екі ай біткенде «бір жасқа» келіп, «Жыл-адамның» өмірі де бітеді. Көктем айының бірінші күнінің қазақы танымда «Қарт Наурыз», ал Жаңа күннің «Жас Наурыз» атануы да осы аңызбен байланысты. «Жыл-адам» қайта туылғанда қуанғанды құшағына алып сый-құрмет жасау әр адамның міндеті болған екен. «Көрісу күні» бір-біріне «жасың құтты болсын» немесе «бір жасың құтты болсын» , – деп айтуының мәні осында. «Қазақтың Жаңа жылы дін әсерінен таза. Бұл күні ешбір құлшылық, дін әдеттері жасалмайды. Бар болғаны ел бір-бірімен көрісіп, «Жасың құтты болсын!» дейді» (Мағжан Жұмабаев). Наурыздағы көрісуде «Жасың құтты болсын!», – деу осы күнге еш өзгеріссіз жеткен.
Ғұрыптық маңызы бар «Көрісу күнінің» 14-наурызға тұрақтауының өзіндік себептері бар. Қазақы танымдағы «Қарт Наурыз» ескі Юлиан күнтізбесінде – 1-наурыз; «Жас Наурыз» ескі Юлиан күнтізбесінде – 9-наурыз. Жаңа Григориан күнтізбесі бойынша «Қарт Наурыз» 13-14 наурызға, «Жас Наурыз» 21-22 наурызға сәйкес келеді. Бірнеше күнге созылған Наурызнама мерекесінің соңғы «тойтарқар» күндері де «Жас Наурызбен» қатар жүрген.
«Көрісу күнін» қазақтың иемденуі, қазақтың дәстүрлі мал шаруашылығымен де байланысты. Қыстан мал-жаны аман шыққан қазақ бір-бірімен қауышып, мейірімін құшақ айқастыру арқылы бекіткен. Қазақтың дәстүрінде, «ойын-той» құндылығында «амал мерекесі» деп аталған мереке болған жоқ! «Көрісу мерекесі», «Көрісу айты», «Наурыз айты», деп те аталмады!. «Көрісу күнін» жалпы халықтық тойлауға айналдыру үшін «Амал мерекесі» деп, «көрісу» сөзін «амал» сөзіне алмастырудың еш қажеті жоқ еді! «Көрісу» сөзінің мағынасы кең: күйеуге ұзатылатын қыздың неке қиғаннан кейінгі жеңгелерімен көрісуі; аза тұтқан адамдардың қайғысына ортақтасып көрісуі. Ал, Наурыздағы көрісудің мәнінде «бірлік», «қауышу», «адам мен табиғат» байланысы жатыр. Көкшетау қазақтары ертеде наурыз айын отамалы (от+амал); Ақтөбе, Маңғыстау қазақтары амал (арабша, хамал) айы деп атаған, қазір де осылай атау кездеседі. «Көрісу» сөзінің мәнін түсінбей, «көрісу» сөзінің базбіреулердің құлағына түрпі тигенінен» ай атынан «Амал мерекесін» шығардық. Амал – 1) ескіше ай аты; 2) табиғат құбылыстары; 3) іс-әрекет.
2018 жылы Маңғыстауда Үкімет қолдауымен Халықаралық деңгейде той жасалып, тойға қонақтарды «Амал мерекесі» деп шақырды. Осылайша, 2016 жылы 30 қарашада ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұралар тізіміне «Әдет-ғұрыптар, салттар, мейрамдар» санаты бойынша енген «Наурыз» мерекесінің ғұрыптық күнінің халықтық атауы бұрмаланды.
Кең қауымға «ойлап тапқан» «Амал мерекесі» атауын таңуға кірістік және мұнымыз қалай тез жүзеге асып кетті?
Тәттігүл Картаева

İlgili Yazılar

Bir cevap yazın

E-posta hesabınız yayımlanmayacak. Gerekli alanlar * ile işaretlenmişlerdir