Жанат Момынқұлов: Путиннің Зеленскиймен келіссөздер үстеліне бірге отыра қоюы екіталай
Ult.kz тілшісі саясаттанушыға хабарласып, бұл тақырып төңірегіндегі пікірін сұрап-білді. Оның айтуынша, Путиннің Зеленскиймен келіссөздер үстеліне бірге отыра қоюы екіталай. Әдеттегідей сыртқы саясаттағы сенімді серіктерін жіберуі бек ықтимал.
«Менің ойымша, кеше Франция, Ұлыбритания, Польша және Германияның басшылары Украинаға келіп, Зеленскийге өте қуатты қолдау көрсетті. Одан кейін Трамппен телефонмен сөйлесіп, бұлар Путинге отыз күндік атысты тоқтатуды ұсынды. Бұл жолы Зеленский бар, сол маңайдағы еуропалықтар бар, бұлар өздеріне өте сенімді болды. Егер Путин отыз күндік атысты тоқтатуға келіспесе, үлкен санкцияларды салу жөнінде мәселе көтерілді. Және ол мемлекеттерде Ресейдің жүз миллиардтаған доллар қаражаты бұғатталғаны белгілі. Сондықтан да олардың сөзі бір жерден шықты. Сонымен қатар Трамптың ықпалымен Макрон мен Ердоған да сөйлесті. Әңгіме барысында Ердоған «бұл жолы бетбұрысты кезең болатын түрі бар» деп қалды», – дейді Ж.Момынқұлов.
Оның айтуынша, бұл – Сауд Арабиясында болып жатқан дипломатиялық тректі Түркияға қарай бұру. Бұл бір жағынан Ресейге де тиімді көрінеді.
«Ресейдің айтып жүргені де сол, тоқтап қалған Стамбул процесін қайта жалғастыру. Ал енді түркиялық дереккөздер айтқандай, Путин осы бейсенбі күні Зеленскиймен кездесуге келмейді. Өйткені Зеленский өте ұтымды, сенімді сөйледі. Яғни Путинге «Кел, Стамбулдағы кездесуге дайынмын» деп өзінің батылдығын, сенімділігін көрсетті. Ал Путин ондайға бармайды. Ол өзінің дипломатиялық көмекшілерін, СІМ өкілдерін жібермек», – дейді Ж.Момынқұлов.
Яғни саясаттанушы В.Путин келмесе де кездесу болатынын жеткізді. Бірақ келіссөздің келесі раунды неден басталатыны әзірге беймәлім. Екі жақ та қасарысып, тұр.
«Біріншіден, Зеленский мен Еуропа көшбасшылары «30 күнге соғысты тоқтататып, дүйсенбіден бастап ары қарай келісе жатармыз» деген позицияны ұстанып отыр. Ал Ресейдің позициясы: бірінші – кездесейік, сосын барып соғысты тоқтатудың мән-жайын біржолата сөйлесейік дегенге саяды. Енді осыған дейінгі әңгімелерге талдау жасап көрсек, екі тарапты ары-бері ырғаған Трамп келісім процесін белгілі бір жерге дейін алып келді», деген саясаттанушы Путиннің Жеңіс күнін жетістіріп тойлай алмағанын да жасырмады.
Сонымен қатар саясаттанушы Жанат Момынқұлов Ресей майданда күштірек болғандықтан, Путинге кейбір талаптарын соңына дейін іске асыру керек болып тұрғанын алға тартты.
«Қазір Путинге біріншіден Украинаны НАТО-ға кіргізбеу бойынша нақты кепілдеме керек болып тұр. Одан кейін санкцияларды алу. Сонымен қатар кейбір аумақтарды, мәселен Қырымды Украина мойындасын деген сияқты өзінің талаптары бар. Сондықтан да менің ойымша, осы жолы да дипломатиялық кездесу болады, ол Путинсіз өтеді. Барған жағдайда да оған дейін жағдай пісіп-жетілді ме, деген сұрақ туындайды. Менің ойымша, толық пісіп-жетілмеді. Сондықтан да Зеленский Путинді шақыру арқылы өте ұтымды, мықты қадам жасады. Трамп та «Осы жолы көрейік Екі тарап не істейді екен?», деп, көзін шығысқа тастап отыр. Яғни ортақ бір келісімге келе алмаған жағдайда біз басқа да санкция сынды шараларды қолға аламыз деп отыр. Одан бөлек, Еуропадан тағы да қосымша қару-жарақ бермек», – дейді саясаттанушы Жанат Момынқұлов.
Оның айтуынша, дәл қазір Украинаны ешкім орта жолда тастап кетейін деп тұрған жоқ. Еуропалық одақ, оның ар жағындағы АҚШ Украинаны белгілі бір бағанада күшейте бермек. Әскери жағынан да, басқа жағынан да қолдау көрсетіп, Ресейдің ашық талауына беріп қоймас деген үміт бар.
«Өйткені олардың Батыстың мүддесінде Украинаны Ресейге беру тиімсіз. Ал енді Трамптың мәлімдемелеріне келсек, ол қарама-қайшы нәрселердің бәрін айтты. Бірақ дәл қазіргі кезде оның нақты мақсаттары анықталып тұр. Яғни Еуропалық одақты да қауіпке тастайын деп тұрған жоқ. Демек, бұл – осы келіссөздердегі өте бетбұрысты маңызды сәт.
Ресей әрмен қарай соғысады деп ойламаймын. Олар алатын жерін алып болды. Ары қарай жылжи алмай жатыр. Алдағы уақытта Ресей басып алған территорияларын қолдана отырып, осы келіссөздерде барынша дивидендтерін алып қалуға тырысады. Ары қарай соғыс қызады деп ойламаймын. Өйткені Ресей қанша күшін сарқыса да ары қарай соғысты жалғастырудың ешқандай мән-мағынасы қалмады. Менің ойымша, бұлар келісімге келе алады. Өйткені бөлісетін ештеңе қалған жоқ. Украина да алатын жерін алып болды. Енді дипломатиялық жолмен соны жұмсартып, қағазға түсіріп, келіссөз ретінде аяқтау керек болып тұр», – дейді Жанат Момынқұлов .
https://ult.kz/post/putinnin-stambulga-baruy-zelenskiymen-kol-alysuy-ekitalay-sayasattanushy
Share this content:
Yorum gönder