. Бұл Орталық Азияның қауіпсіз дамуы, Ферғана алқабының тұрақтылығы үшін аса маңызды оқиға. Ескендір Зұлқарнай рахмет.
Біздің дәл іргемізде болып жатқан бұл тарихи оқиғаның Қазақ елі үшін қандай маңызы бар? Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университеті оқытушысы, шығыстанушы Жанат Момынқұловтың айтуынша, Хожанд қаласында болған бұл келісім – аймақтың тұрақтылығын нығайтып, мемлекетаралық қатынастарды жаңа деңгейге көтеретін маңызды қадам. Мәңгілік достық туралы декларация аймақ елдерінің көпжақты ынтымақтастық пен өзара сыйластыққа деген адал дайындығын көрсетеді.
«Бұл – географиялық фактор ғана емес, сонымен қатар бұрыннан келе жатқан шекара дауларын шешуге қол жеткізген саяси бірліктің, ұлтаралық сенімнің және тату көршілік қатынастары жаңа дәуірінің қуатты дәлелі. Келісімдер аймақтың ең күрделі шекара мәселелерін шешіп отыр. Әсіресе Ферғана алқабы – аса күрделі географиялық түйін ретінде кеңес кезеңінде «арнайы мақсаттармен» шимайланған анклавтарды қамтыған. Бір елдің шетте қалған аумағы басқа мемлекеттің аумағымен қоршалуы шекаралық шиеленіс туғызып келді. Аймақтағы сегіз анклавтың біразы Қырғызстанда орналасып, Өзбекстанға тиесілі болды. Тәжікстанның Өзбекстан аумағында үш анклавы, Қырғызстанның Өзбекстанда бір анклавы бар. Ондаған жылдар бойы сарапшылар осы аумақтық мәселелерді қауіпті шиеленістің ошақтары ретінде қарастырды. Енді шекаралар құқықтық тұрғыда түбегейлі рәсімделіп, достық және одақтастық қатынастарды нығайтуға деген саяси шешім, ресми ерік-жігер болғандықтан, Орталық Азияның осы бөлігінің тұрақты дамуы мен өркендеуіне сенім ұялататын берік жағдай қалыптасты», дейді сарапшы.
Оның айтуынша, бұл достық келісімі бүкіл Орталық Азияда интеграциялық жақындасу үрдістерін нығайтып, біз үшін осы елдер арқылы болашаққа жоспарланған Оңтүстік Азияға апаратын жолдарды ашу мүмкіндігін күшейтеді. Аймақта саяси одақтарды нығайту – біздің елдің де тұрақтылығын, оңтүстік шекарамызды бекемдеудің, аймақтық интеграцияның болашағына мықты негіз.
«Бір айта кетерлігі, таяу күндері Өзбекстан президенті Ш.Мирзиёевтің Алматыға келіп, Қасым-Жомарт Тоқаевпен бейресми кездесу өткізуі аталған саммитке дайындықпен де байланысты болуы мүмкін. Яғни 4 мемлекет осындай ірі дипломатиялық үрдісті ілгерілетіп, аймақтық бірлікке қолдауды ашық көрсетіп отыр. Алдағы апта Самарқандта Орталық Азия-Еуропа одағы саммиті өтеді. Мамырда Араб шығанағы елдерімен аймақтық саммит, одан соң Орталық Азия елдері президенттерінің кеңесу саммиті аймақта маңызды үдерістердің басталып жатқанынан хабар береді. Қазақстанды Орталық Азияның маңызды бөлігі ретінде көрсету, ілгерілету ұлтымыздың даму болашағы тұрғысынан өте маңызды таңдау әрі шешім болмақ», деп ойын түйіндеді Жанат Момынқұлов