İtalya’da Masonlar Amerika’da Trump dertli!

POMPEO QAFQAZ DEYƏRKƏN AZƏRBAYCANI NƏZƏRDƏ TUTUB

İran-ABŞ qarşıdurması: Regionda daha bir Suriyanın yaranma ehtimalı var?

Thomas de Waal: Karabakh peace process needs shaking up – but not too much

Түрікменстан саяси тұрақтылыққа арқа сүйейді

Gündem 20 Şubat 2017
510

Түрікменстанда өткен президенттік сайлау жаңа даму сатысына аяқ басқан Орталық Азия республикаларындағы бірқатар саяси маңызы бар оқиғалармен тұспа-тұс келді.

Сайлау нәтижесінде Түрікменстанның қазіргі басшысы Гурбангулы Берды­мұ­хамедов 97,7 пайыз дауыс жинап, үшін­ші мерзімге ел президенті болып қай­та сайланды. ТМД, ШЫҰ, ИЫҰ сия­қ­ты халықаралық ұйымдар сайлаудың ой­­да­ғыдай, ашық, ұйымдасқан түрде өт­кенін мәлімдеді. Сайлаудан кейін Түрікменстанның жаңадан сайланған пре­­­зидентін Қазақстан, Өзбекстан, Ре­сей, Қытай, Түркия, Ауғанстанның мем­ле­кет бас­шылары құттықтады.
Бейтарап саясат ұстанатын Түрік­мен­с­тандағы президенттік сайлау көр­шілес елдер­дегі түбегейлі өзге­ріс­термен бір уа­қытта өткендіктен, соңғы сайлаудың мәні мен сипатын өзгешелеп тұрды. Өйткені, бір аймақта орналасқан туыс әрі көрші елдердің тағдыры мен даму жолдары ұқсас келеді.
Түрікменстанның саяси-эко­но­ми­калық жағдайы әлемдік эко­но­микалық дағдарыс, халықаралық тұрақсыздық, көмірсутегі бағасының төмендеуі сияқты объективтік себептердің ықпалымен дамыды. Сондықтан, осы жолғы сайлау 2007 және 2012 жылдарда елдегі тым-тырыс жағдайда өткен сайлаулардан ерекшелігімен есте қалды.
Біріншіден, ел тарихында алғаш рет президенттік сайлауға биліктегі партия, кәсіпкерлер мен ауыл шаруашылығы салалары атынан үш саяси партия қатысты. Жапонияның «The Diplomat» басылымы бұл қадамның тактикалық сипатына назар аударып, Бердымұхамедовтің Ресейдегідей жаңашыл кәсіпкерлер және ескішіл аграрлық буынның ортасында прагматикалық орын алғанын жазды. Сай­лауға саясаткерлер мен өнеркәсіп саласындағы ықпалды тұлғалардың қа­тысуы биліктің оларға арқа сүйейтінін біл­діруі де әбден мүмкін.
Мамандардың көбісі сайлауда Берды­мұ­хамедовтің жеңіске жететінін бол­жа­ды. Былтырғы күзде ел конституциясына президенттік басқару мерзімін бес жылдан жеті жылға дейін ұзарту, ал президент болу үшін адамның жасы бойынша шектеуді алып тастау туралы тиісті өзгерістер енгізілді.
Әдетте Таяу Шығыс елдерінде пре­зиденттік билікті күшейту қауіпсіздік сала­сымен байланысты. «Al-Masry аl-Youm» газеті Ауғанстан сияқты күр­делі елдермен көршілес жатқан Түрік­мен­­станда ішкі ынтымақ сақталып, Ашғабаттың бейтарап сыртқы саясаты арқасында жағдайдың салыстырмалы түрде тұрақты екенін жазды. Францияның «Le Monde» газеті аталған ел­де негізгі қорлардың мемлекеттік-эли­та­лық жүйені нығайту жә­не қауіп­сіз­­дікті сақ­тау мақсатында жұм­салып отыр­ғанын жа­рия етті.
Соңғы кезеңдерде Ашғабат өз саясатында елдің экономикалық ахуалын есепке ала бастады. Түрікменстан экономикасы 2000-2015 жылдар аралығында жоғары өсім (8-10%) көрсеткен елдер қатарында болды. Шикізат бағасы төмендегенімен, елдің Резервтік қоры мен Тұрақтандыру қорында жинақталған қаражат дағдарысты еңсеруге, ІЖӨ кө­ле­мін сақтауға көмектесіп отыр. Ел­дің экономикалық өсімі 2016 жылдың алғаш­қы жартысында 6,1% деңгейінде болса, 2016-2017 жылдарда, тұтастай алғанда, 5,5% көлемінде сақталады деп күтілуде. Үкімет экономиканы әр­та­рап­тандыру үшін жеке сектор, импорт ал­мастыру сияқты шаралар­ды атқаруға ты­рысуда. Десек те, Түрік­мен­стан үкі­меті таратқан ресми ста­тис­ти­ка­лық ақ­па­рат­тар мен тәуелсіз де­рек­ көз­де­­рі арасында кейбір айыр­ма­шы­лықтар бо­­луы мүмкін.
«Қарastan» порталы әлемдік нарық­тағы оқиғалар Түрікменстандағы халық­тың өмір сүру деңгейіне әсер еткенін жазды. Кейбір шетелдік басылымдар аталған елде шикізат бағасы мен экспорт көлемінің төмендеуіне байланыс­ты 2015-2016 жылдарда экономикалық өсімнің баяулап, үнемдеу саясаты жүр­гізіліп, субсидиялар қысқартылып, те­м­е­кі тапшылығы, бензин, пәтер ақы­сы, азық-түліктің қымбаттағаны тура­лы ақ­­парат таратты. Ұлттық манат 20%-ға құн­сызданып, жалақылар кешік­ті­ріл­­ген көрінеді. Бір ескеретін жайт, Түрік­менстан тәуелсіздік алғалы бері 2015-2016 жылдарға дейін халықтың бел­гілі бір бөлігіне қа­же­т­ті тауарларды ақы­сыз таратып, қо­лайлы жеңілдіктер жасап келді. Ел үкі­меті араб социализмін еске түсіретін сол субсидиялардың біразынан бас тар­т­пақшы. Бұған қарамастан, сайлау нау­қаны кезінде Г.Бердымұхамедов президент болып қайта сайланған жағдайда ха­лыққа әлеуметтік көмек көрсету саясатын жақсартатынын мәлімдеген.
«The Economist» журналы 2017 жылы түрікмен манатының девальвациясы жасалып, Ресей мен Иранға газ экспортының тоқтатылуының әсерінен 2017-2018 жылдарда шынайы ІЖӨ кө­ле­мі 2% деңгейінде болатынын болжай­ды.
Түрікменстан экономикасының не­гізін энергетика саласы құрайды. Атал­ған ел табиғи газ қоры жөнінен әлем­де төртінші немесе алтыншы орынды ие­ленеді. Бұл ел Каспий мен Орталық Азия газ нарығындағы ықпалды ойын­шы болуға талпынады. Аймақтың энер­гетикалық орталығына, Каспий ай­мағы­н­дағы көлік-транзиттік дәліз­ге айналу мақ­сатын көздеп отырған Түрік­мен­стан экономикасының 70-80%-ын, яғни мемлекеттік кірістердің басым бө­лі­г­ін табиғи газды сатудан түскен кіріс­т­ер құрайды. Энергетика бағасының тө­мендеп, жаңа өткізу нарықтарының аз­дығынан бүгінде Түрікменстан бюд­же­тіне түсетін кірістер азайып, әлеу­меттік жағ­дайға салқынын тигізе бастағаны байқалады.
Ашғабат соңғы жылдарда бейтарап ұстанымының шеңберінде энергетика, көлік-коммуникация, транзит және тасымал салаларында біршама белсенді саясат жүргізіп келгені мәлім. Мысалы, халықаралық жолдар желісіне ену және сыртқы нарықтарға шығу үшін Түрікменстан «Жібек жолы», «Батыс – Шығыс», «Еуропа – Кавказ – Азия» жобалары, «Қазақстан – Түрікменстан – Иран», «Түрікменстан – Ауғанстан – Тәжікстан», «Қытай – Қырғызстан – Түрікменстан – Иран – Оман» темір жолдары, «Қазақстан – Өзбекстан – Түрікменстан – Иран – Оман» сияқты халықаралық көліктік дәліздер жүйесінің дамуына жұмыс істеуде. Осы мақсатта Ашғабат 2014-2016 жылдарда БҰҰ-ның қолдауымен көлік тақырыбына ар­­налған екі ірі халықаралық жиын өт­кіз­­ді. Түрікменстанның көлік-ком­му­ни­ка­циялық стратегиясында ха­лық­­­ара­лық жолдар желісіне интеграция­лану міндеті негізге алынған.
Түрікменстанда да Қазақстандағыдай солтүстік – оңтүстік және шығыс – батыс бағыттарында халықаралық және ішкі құбырлар жүйесі, электр қуаты же­лілері, темір жолдар, автожолдар, жаңа әуежай, ірі теңіз айлағы сияқты ірі ха­лықаралық және аймақтық маңызы зор жобалар іске асырылды. Ал 2017 жылы Түрікменстан мен Өзбекстанның темір жол­дары мен автожолдарын байланы­с­­-
ты­ру мақсатында Әмудария өзенінің үсті­нен көпір салу жоспарла­нуда. Осын­­дай ортақ жобалардың көбейгені ай­ма­ғы­мызға тиімді.
Жалпы, Түрікменстанның көлік-тасымал саясаты Қазақстан көтерген бас­та­малар мен жүзеге асырған ірі жобалар­дан шабыт алғандай әсер қалдырады. Ашғабаттың энергетикалық стратегиясын және көпбағытты көліктік дәліздер құру жобаларын жүзеге асыруға саяси жігері жеткілікті болғанымен, энер­ге­тикалық дипломатиясының ба­ғыт­та­рын әр­т­араптандыру тұрғысынан мүм­кін­дік­тері біршама шектеулі болып тұр.
АҚШ-тың «Stratfor» зерттеу-барлау компаниясы жақында жариялаған сарап­тамада түрікмен экономикасының жағ­дайы туралы кейбір нақты ақ­па­рат­тар қамтылған. Онда түрікмен г­а­з­ының көп бөлігін Қытай ғана сатып алып отырғандығы, сол себепті 2016 жылы газдың бір текше метрінің құ­ны 160 АҚШ долларынан 100 АҚШ долларына арзандағаны айтылады. Түрік­мен­станның Қытайға шығаратын газ экспорты көлемін арттыруы салдарынан кіріс көлемі 30 пайызға, яғни 4,7 млрд АҚШ долларына төмендеген.
2014 жылғы ақпарат бойынша, түрікмен газының жартысы Қытайға, қал­ған бөлігі Иран мен Ресейге тең дә­ре­жеде тасымалданыпты. 2016-2017 жыл­дарда бұл елдің Ресей мен Иранға шы­ғарылатын газ экспорты белгілі себептер­ге байланысты тоқтатылған. Жағдайы бір­шама қиындаған Ашғабат қазір газ экспорты саласында тек Қытаймен ғана жұмыс істеуге мәжбүр.
Ашғабат үміт артқан ірі энергетикалық жобалардың бірі – Түрікменстан – Ауғанстан – Пәкістан – Үндістан (TAPI) газ құбырының құрылысы аймақтағы қауіпсіздік және қаржылық себептермен кейінге шегерілуі мүмкін. Өзбек сарапшысы Аваз Тахировтың сөзіне жүгінсек, TAPI жобасын жүзеге асыру үшін алдымен Ауғанстан мәселесін түбегейлі шешіп алу қажет. Себебі, Ауғанстанда әлі де болса сақталып отырған күрделі жағдай ортақ жобалардың қауіпсіздігіне тікелей әсер етуі мүмкін.
Ал Каспий теңізі арқылы Батысқа түрікмен газын жеткізу жобасы аталған теңіздің құқықтық мәртебесінің ше­ші­луіне байланысты болып тұр. Сон­дықтан болар, түрікмен билігі «Каспий экономикалық форумы» тұрақ­ты алаңын құру туралы ұсыныс жасады. Ашғабаттың сырт­қы саясаты, экономикасы, көлік-тра­нзиттік мүмкіндіктері тұрғысынан Транс-Каспий жобасы үлкен маңызға ие. Кас­пийдің құқықтық мәртебесі мәселесі жа­қында өтетін Каспий елдері мемлекет басшыларының саммиті қарсаңында қай­тадан күн тәртібіне еніп отыр.
Алдағы жылдарда да энергетика – та­биғи газ саласы Түрікменстан экономи­касы мен саясатының басым бағыты бо­лып қала бермек. елдің келешегі Түрікменстан­ның энергетикалық ресурс­тары мен транзиттік әлеуетін дұрыс пайдаланып, халықаралық саясаттағы және нарықтардағы жағдайды қаншалықты ескеретініне тікелей байланысты бол­мақ. Бұл мақсатты орындау үшін сын­дар­­лы дип­ломатиямен бірге, саяси тұрақ­ты­лық­ты сақтау да аса өзекті мәселе болып табылады.

Жанат МОМЫНҚҰЛОВ,
саясаттанушы
https://www.egemen.kz/2017/02/20/103050

Yorumlar